Каспийде әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты күдіктілер анықталды

Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты іс бойынша қызметтік міндеттерін тиісінше орындамады деген күдікке ілінген лауазымды тұлғалар анықталды. Тергеу жалғасып жатыр.

Бас прокуратураның мәліметінше, күдік, атап айтқанда, ауа райы жағдайларын ескере отырып, жеке құрамға тиісті бақылау мен қажетті қауіпсіздік шараларының қамтамасыз етілмеуіне байланысты.

Тергеу аясында оқиға болған жер қаралып, 30-дан астам әскери қызметшіден жауап алынды. Құжаттар мен бейнематериалдар тәркіленіп, 12 сараптама тағайындалды.

Сондай-ақ тергеу құтқару жұмыстарын ұйымдастыруға қатысты мән-жайларды тексеріп жатыр. Тергеу нұсқасы бойынша, құтқару жұмыстары тиісінше жүргізілмеген, бұл адам өліміне әкелген.

Бас прокуратурада тергеу барлық күдіктінің әрекетіне құқықтық баға беріп, қажетті процестік шаралар қабылдайтынын хабарлады.

Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде болған. Ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан әскери қызметшілер теңізге түсіп кеткен.

Кейін Қорғаныс министрлігі 12 әскери қызметшінің қаза болғанын хабарлады. Бұған дейін үшеуінің құтқарылғаны, тағы екі әскери қызметшінің іздестіріліп жатқаны айтылған.

Оқиғаға байланысты екі бап бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болған әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтып, оқиғаның барлық мән-жайын анықтау және қаза болғандардың отбасыларына көмек көрсету бойынша қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.

Қайғылы оқиғаның себептерін тергеу үшін Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Үкіметтік комиссия құрылды.

25 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза болуына байланысты Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *