20 қыркүйекке қараған түні Украина Қорғаныс күштері Мәскеудің Капотня ауданындағы «Газпромнефть-Мәскеу мұнай өңдеу зауытына» соққы жасағанын мәлімдеді. Кәсіпорын аумағында ірі өрт шыққан.
Шабуыл туралы Украина Қарулы күштерінің Бас штабы хабарлады. Оның мәліметінше, соққы нәтижесінде АВТ-6 бастапқы мұнай өңдеу қондырғысы, мұнай өңдеудің кешенді қондырғысы және изомерлеу қондырғысы зақымданған.
Украина президенті Владимир Зеленский де Мәскеу облысында украиналық әскери күштер Ресейдің мұнай өнеркәсібіндегі маңызды кәсіпорындардың біріне және логистикалық нысанға соққы жасағанын айтты.
«Бұл — әскери машинаны қолдауға жұмсалатын миллиардтаған доллар», — деді Зеленский.
Оның айтуынша, шабуыл кезінде FP-1, RZ-100, MICH-2000, «Паляница», Vendetta, «Февраль», «Барс», «Фламинго», «Январь» және Pelican сияқты құралдар қолданылған. Зеленский СБУ, Ұшқышсыз жүйелер күштері, Арнайы операциялар күштері, Бас барлау басқармасы және Украинаның Сыртқы барлау қызметінің әскери қызметшілеріне алғыс білдірді.
Мәскеу мұнай өңдеу зауыты Ресейдегі ірі мұнай өңдеу кәсіпорындарының бірі саналады. Зауытта мұнай өңделіп, автомобиль бензині, дизель және авиациялық отын, мазут және басқа да мұнай өнімдері өндіріледі. Кәсіпорынның жылдық қуаты шамамен 12 млн тонна мұнайды құрайды.
Украина Бас штабының мәліметінше, кәсіпорын Ресей Қарулы күштерінің қажеттіліктерін қамтамасыз етуге де пайдаланылады.
Бұған дейін Мәскеу қаласының мэрі Сергей Собянин Ресей астанасына жаппай дрон шабуылы жасалғанын хабарлаған. Оның айтуынша, Мәскеуге қарай 1600-ден астам дрон ұшқан, олардың бірнешеуі Мәскеу мұнай өңдеу зауытының аумағына жеткен.
Фото / Photo: Pexels, Edu Raw
