Мәскеу мен облыста Қырғызстаннан келген 200-ден астам бала мектепке қабылдануды күтіп отыр

Қырғызстан Сыртқы істер министрлігі балаларын Мәскеу мен аттас облыстағы Ресей мектептеріне орналастыра алмай жүрген Қырғызстан азаматтарының өтінішіне жауап берді. Бұл туралы Қырғызстан СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, тамыз айынан бастап осы мәселеге қатысты өтініштер жиілеген. Осыған байланысты Қырғызстанның Ресейдегі елшілігі Ресейдің мемлекеттік органдарына, соның ішінде Ресей президентінің әкімшілігіне, Сыртқы істер министрлігіне және Мәскеу қаласының Білім департаментіне ресми түрде жүгінген.

Қырғызстан СІМ дерегіне сәйкес, 18 қыркүйектегі жағдай бойынша Мәскеу мен облыста барлығы 224 бала мектепке қабылдануды күтіп отыр.

«Ресей тарапының ақпаратына сәйкес, балаларды білім беру мекемелеріне қабылдаудағы қиындықтар, ең алдымен, кейбір мектептерде бос орындардың болмауына байланысты», — деп хабарлады Қырғызстан СІМ.

Министрлік бұл мәселе Қырғызстан СІМ мен елшілігінің ерекше бақылауында екенін мәлімдеді. Қалыптасқан жағдайды шешу бойынша жұмыс Ресей тарапының қатысуымен жалғасып жатыр.

Ресейде жүрген Қырғызстан азаматтары мектептерге қабылдау мәселесі туралы биыл тамыз айының ортасында-ақ «Азаттыққа» хабарлаған. «Мигрант Медиа» жобасына жүгінген қырғызстандықтардың айтуынша, олар арнайы қосымша арқылы өтініш берген. Алайда кей жағдайда сайттар арқылы «орын жоқ» деген жауап алған, ал кейбіріне бас тарту себебі көрсетілместен қабылданбағаны туралы хабарлама келген. Ата-аналардың арасында балаларын мектепке екінші жыл қатарынан орналастыра алмай жүргендер де болған.

Ресми мәліметтерге сәйкес, Ресейде 411 мыңнан астам қырғызстандық тұрады. Алайда олардың арасында мектеп жасындағы балалардың нақты саны туралы ақпарат жоқ.

Фото: Pexels/Leeloo Thefirst

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *