БҰҰ Бас хатшысының Бірінші орынбасары Әмина Мұхаммед Қазақстанға ресми сапар шекті

фото: Қазақстандағы БҰҰ баспасөз қызметі

9-10 маусым аралығында Орталық Азия бойынша турне аясында БҰҰ Бас хатшысының Бірінші орынбасары Әмина Мұхаммед ханым Қазақстанда тұңғыш ресми сапармен болды. Сапар барысында Бас хатшының Бірінші орынбасары ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллинмен, «Нұр сәулесі» бастамасының өңірлік бағдарламасы аясында бірқатар азаматтық қоғам ұйымдарымен, сондай-ақ БҰҰ-ның Қазақстандағы елдік тобымен кездесті.

Президент Қ.К. Тоқаевпен кездесуі барысында Ә. Мұхаммед ханым оған көпжақты дипломатияны дамыту, БҰҰ мен Қазақстан арасындағы табысты ынтымақтастығы және БҰҰ-ның Ауғанстанға қолдау көрсету миссиясын Алматыға уақытша көшіруге қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар үкіметтің барлық мемлекеттік институттарда адам әлеуеті қағидасына егізделген әдістемесі, Қазақстанның 2022 жылға арналған ерікті ұлттық шолуы, 2060 жылға дейінгі көміртек бейтараптығына қол жеткізу сияқты бірқатар мәселелер талқыланды.

Бас хатшының Бірінші орынбасары Ә. Мұхаммед ұлттық реформалар мен жақында өткен референдум елдің ілгері дамуына мүмкіндік беретінін баса айтты. Ол сондай-ақ әйелдердің қоғамның барлық салаларына толыққанды қатысуы және гендерлік зорлық-зомбылықты жоюға деген берік міндеттеме Қазақстандағы бейбітшілік пен тұрақтылыққа ықпал ететініне ден қойды.

БАҚ өкілдеріне сөйлеген сөзінде Ә. Мұхаммед ханым: «Біз Қазақстанның осы отыз жыл барысында тұрақты даму бағытындағы іс-әрекеттерін құптаймыз. Әсіресе жақында өткен референдумды ескере отырып, саяси реформалар үдерісін асыға күтеміз. Аталған реформаларды адам құқықтары бойынша халықаралық нормалар мен стандарттарға сай және азаматтық қоғаммен толық қарым-қатынаста тиімді жүзеге асыруға шақырамыз», — деп атап өтті.

«Нұр сәулесі» бастамасы аясында БҰҰ-мен ынтымақтаса жұмыс істейтін азаматтық қоғам ұйымдарының өкілдерімен кездесу барысында Мұхаммед ханым ресми статистика бойынша әрбір үшінші әйелдің өмірінде тұрмыстық зорлық-зомбылық көргенін атап өтті: «Бесінші тұрақты даму мақсаты барлық басқа мақсаттарға қол жеткізу үшін өте маңызды. Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйел қанша күн жұмыстан қалатынын есептесеңіз, «жасырын пандемия» кез келген елдің экономикасы мен ішкі жалпы өніміне нұқсан келтіретіні белгілі болады».

Сапар барысында БҰҰ Бас хатшысының бірінші орынбасары БҰҰ-ның Қазақстандағы қызметкерлерімен кездесті, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешіті мен Алматы облысындағы қазақ этно ауылында болды. ҚР Сыртқы істер министрлігінде жоғары лауазымды қонаққа Қазақстан ұлттық футбол құрамасының арнайы жейдесі сыйға тартылды.

Біріккен Ұлттар Ұйымы дамудың болашақ жоспарлары мен Үкіметтің тұрақты дамуға деген қарқынды ұмтылысы туралы көзқарасты дамыту үшін Қазақстанға арналған қолдауын тереңдетуде. БҰҰ-ның Қазақстандағы жүйесі құндылықтарға, адам құқықтарына негізделген сенімді серіктес болып қала береді. Ұйым жұмысы мемлекет пен қоғамдағы серіктестерге басқарудың ең қажетті кеңестерін, техникалық көмек пен ғаламдық желілерге қол жеткізуге бағытталған.

Анықтама

2021-2025 жж. арналған БҰҰ Тұрақты даму саласындағы ынтымақтастықтың негіздемелік бағдарламасы

Негіздемелік бағдарламаның басымдықтары мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам және ғылым өкілдерімен өткізілген көпжақты талқылаулар барысында анықталды. 2030 жылға дейінгі күн тәртібіне барлық Қазақстан халқы, соның ішінде әйелдер, жастар, ерекше қажеттіліктері бар адамдар.

Ынтымақтастық бағдарламасы үш тақырыптық бағытта – Адам дамуы және тең құқылы қатысу; Тиімді институттар, адам құқықтары және гендерлік теңдік; Инклюзивті экономикалық өсу және экологиялық тұрақтылық атты стратегиялық серіктестердің бірлескен әрекеттері тұрақты дамудың әлеуметтік, экономикалық және экологиялық аспектілеріне бағытталған алты бағытта жүзеге асырылады.

Әмина Мұхаммед, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының Бірінші орынбасары

Әмина Мұхаммед ханым – Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының Бірінші орынбасары және Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму тобының төрағасы. Осы лауазымға тағайындалғанға дейін Мұхаммед ханым Нигерия Федеративтік Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрі қызметін атқарды, онда ол елдегі климаттың өзгеруі мен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі бағыттарды басқарды.

Мұхаммед ханым Біріккен Ұлттар Ұйымына алғаш рет 2012 жылы бұрынғы Бас хатшы Пан Ги Мунның 2015 жылдан кейінгі дамуды жоспарлау жөніндегі арнайы кеңесшісі ретінде енді. Ол тұрақты дамудың 2030 күн тәртібі және тұрақты даму мақсаттарын әзірлеу бойынша әмбебап келісімге қол жеткізуге әкелген үрдісті басқарды.

Мұхаммед ханымның бірнеше құрметті доктор дәрежелері бар және халықаралық даму бойынша аға оқытушы. Түрлі жаһандық марапаттардың иегері ретінде Мұхаммед ханым көптеген халықаралық консультативтік кеңестер мен топтарда қызмет етті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *