Жылыжай өнімінің бір бөлігі аз қамтылған отбасыларға беріледі

фото: Азаматтық бастамаларды қолдау ортылығының баспасөз қызметі

Атырау облысы Құрманғазы ауданының Орлы кентіндегі мектептің өз жылыжайы болады. Қазіргі таңда жылыжайдың құрылысы қызу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Азаматтық бастамаларды қолдау ортылығының баспасөз қызметі.

Бүгінгі таңда «Құрманғазы – туған жер» қоғамдық қоры балаларды еңбекке баулу, оларға көкөніс өсіру технологияларын үйрету мақсатында Орлы ауылында Нұғман Манаев атындағы жалпы орта мектепте жылыжайдың құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жақын арада мұнда көкөністер егіліп, оқушыларға арналған практикалық сабақтар өткізілетін болады. Бұл сабақтарда жасөспірімдер көкөністің түрлерін күту дағдыларына, суару тәсілдеріне, түрлі минералдарға қатысты біліктілігін арттыра алады. Қоғамдық қор жетекшісі Азамат Абдуллаевтың айтуына қарағанда, жоба оқушыларға болашақ мамандықтарын таңдауға септігін тигізіп қана қоймай, аудан жастар арасында волонтерлік қозғалыстың жандануына арқау болады.

«Біздің ауданда 32 мектеп бар. Бір өкініштісі, олардың ешбірінде жылыжай жоқ. Жылыжайды мектепте орнату арқылы біз оқушыларды еңбек сүйгіштікке шақырамыз, өз еңбегімен таза өнім алуды үйретеміз. Жылыжайда арнайы сабақтар өткіземіз. Бізге жалғыз мектептің балалары ғана емес, көрші мектептердің де оқушылары келеді. Олар волонтерлік негізде ауданымыздың көгалдануына өз үлесін қосады. Тіпті, мұндай шаралар сабақтарға қатысатын балалардың болашақта агрономия сияқты  мамандықты таңдауына сеп бола алады»,  – дейді Азамат Абдуллаев.

Жобаны «Құрманғазы – туған жер» қоғамдық қоры «Шелл Қазақстан» компаниясы және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының «ЭкоБатыс» бастамасы щеңберінде іске асырады. Қор басшысы жылыжайдың құрылыс жұмыстарын маусымда аяқтап, егу шараларын бастауды жоспарлап отыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *