Арқалыққа Астана, Алматы және Қостанайдан тікелей әуе рейстері қайта ашылды

фото: pexels/Lora Rikky

Қостанай облысында бірнеше жылдан кейін Арқалықпен тікелей әуе қатынасы қайта жанданды. Астанадан алғашқы рейс таңғы сағат 9:00-де ұшып шығып, 9:40-та қалаға қонды.

Енді тұрақты әуе рейстері елордадан ғана емес, Алматы мен Қостанайдан да қатынайды. Бұған дейін Арқалыққа жету үшін едәуір көп уақыт қажет болатын.

Әуе қатынасының ашылуы мерекелік шаралармен қатар өтті. Жолаушылар мен қалаға келген қонақтарды шашу, музыка және әнмен қарсы алды. Ұшақ бортында және Арқалықта Астанада өнер көрсеткен Музыкалық театрдың жас көрермендерге арналған театрының әртістері музыкалық қойылым ұсынды.

Ашылу рәсімінің символдарының бірі Шәмші Қалдаяқов пен Мұхтар Шахановтың «Арқалықтың ақ таңы» әні болды. Бұл шығарма авторлардың 1970 жылдары Торғай өңіріне жасаған сапарынан кейін жазылған.

Қала тұрғындары әуе қатынасының қайта жандануын қуанышпен қарсы алды.

«Шынымды айтсам, көзіме жас келеді. Біз бұл күнді қанша жыл күттік! Енді бәрі жақсы болады деп сенемін. Президентке рақмет! Қала жанданып, бізді ұмытпағанына деген үміт пен сенім пайда болды», — деді Арқалық тұрғыны.

Рейстердің қайта іске қосылуы Торғай өңірін дамыту жұмыстарының бір бөлігі және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылды. Ұшуды қайта бастау алдында әуежай қажетті дайындықтан өтті.

Жаңа әуежай авиациялық қауіпсіздік, аэронавигациялық қызмет көрсету және аэродромның жарамдылығы бойынша қажетті сертификаттарды алды. Нысан CRJ200 үлгісіндегі өңірлік әуе кемелерін қабылдауға дайын. Конкурс қорытындысы бойынша әуе тасымалдаушы болып SCAT әуе компаниясы таңдалды.

Әуе қатынасын қалпына келтірумен қатар Арқалықта қалалық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Қаладағы теміржол вокзалы қайта жаңғыртылды, ал қазір «Орталық — Батыс» стратегиялық автожолының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар әлеуметтік нысандар, коммуналдық желілер мен жолдар жаңартылып, қоғамдық орындар абаттандырылуда.

Өзгерістер тұрғындардың қала болашағына деген көзқарасына да әсер етуде. Алғашқы рейстің жолаушыларының бірі бұған дейін Арқалықтан кетуді жоспарлағанын, алайда инфрақұрылымның дамуы мен әуе рейстерінің қайта ашылуы оның жоспарын өзгерткенін айтты.

«Мен қаладан кетуді шындап жоспарлаған едім. Бірақ Арқалықтың қалай дамып келе жатқанын көргенде — жолдар жөнделіп, нысандар қалпына келтіріліп, Астана, Алматы және Қостанайға әуе рейстері қайта ашылғанын көріп, қалуға шешім қабылдадым. Енді қаланың болашағы бар екенін түсіндім. Мен осында тұрып, жұмыс істегім келеді», — деді ол.

Әуе қатынасының қайта жандануы Арқалықты ауқымды жаңғырту жұмыстарының маңызды кезеңдерінің біріне айналып, қаланың көлік қатынасын жақсартуға мүмкіндік берді.

дереккөз: Қостанай облысының әкімдігі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *