фото: DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы
Сауалнама: Қазақстандықтардың басым бөлігі Ресей насихатының жетегіне еріп барады
Қазақстанның барлық өңірінен, әр түрлі жастағы еркектер мен әйелдер елімізде және көршілес елдерде болып жатқан өзекті оқиғалар туралы сауалдарға жауап беріп, Қазақстанның ертеңі туралы болжамдарын бөлісті. Сауалнамаға қатысуға келіскен 1100 азаматтың 77%-і сұрақтарға орыс тілінде жауап бергісі келді. 23% қазақ тілін таңдады. Респонденттердің қай тілде жауап бергеніне қарап, она сол тілде ғана сөйлейді немесе сол ұлттың өкілі деп айту негізсіз. Яғни, сұрақтарға орыс тілінде жауап берген адам қазақ тілін жетік білуі мүмкін. Немесе қазақ тілінде жауап берген адам, орыс тілінде еркін сөйлеуі мүмкін. Бұл жерде нақты осы сауалнамада респонденттің қай тілді таңдағанына қарай, “қазақ тілінде жауап берген” және “орыс тілінде жауап берген” деп топтастырылды. Респонденттердің 47%-ң жасы – 25-44 жас аралығында.
Зерттеу қорытындысына сәйкес, 36% респондент Украинада қазір “Ресейдің Украинадағы ұлтшылдарға қарсы әскери операциясы” болып жатыр деп сенеді. 26% “Украинада НАТО әскерін орналастыруға жол бермеу үшін болып жатқан Ресей-Украин соғысы” болып жатыр дейді. “Украинаны басып алу мақсатында болып жатқан Ресей мен Украина арасындағы соғыс” дегендер – 13%. Респонденттердің сұрақтарға қай тілде жауап бергені мен қақтығысты қалай атайтыны арасында байланыс бар. Мәселен, “әскери операция” тіркесін сұрақтарға орыс тілінде жауап респонденттердің 39%-ы, қазақша жауап бергендердің 27%-ы таңдаған.

Қазақша жауап берген қатысушылар мен орысша жауап берген қатысушылардың көзқарастары әртүрлі екенін атап өту қажет. Мысалы, “Тараптардың қайсысын жақтайсыз?” деген сұраққа қатысушылардың небәрі 10%-і Украинаны таңдаған. Қазақша жауап берген респонденттердің 20%-і “Украина жағындамын” десе, орыстілді респонденттер ішінде 6% ғана Украинаны қолдайды екен. Ресей жақтастарының арасында да бұл айырмашылық байқалады, қазақша жауап бергендер 20%, орысша жауап бергендер 45%.
Респонденттердің 39%-і бұл соғыста Ресейді жақтайды. Олардың жартысына жуығы (46%) бейтарап қалуды жөн көреді. Еркектер мен әйелдердің жауаптарын салыстырсақ, еркектер Ресейге қарағанда (46%) Украинаны (58%) жақтайтыны байқалады.

Зерттеу қорытындысын сараптағанда бірнеше факторға назар аударған жөн. Сауалнама ұйымдастырушылары азаматтардың қай тілде сөйлейтініне қарап емес, жалпы қоғамдық көңіл-күйдің қандай екенін білу үшін талдау жүргізді. Сауалнамаға жауап берген кезде сұрақтарға қай тілде жауап беретінін респондент өзі шешеді. Орыс тілінде жауап берген респонденттер тек қана орыс ұлтының адамдары емес, оның ішінде қазақтардан бастап өзге ұлт өкілдері де болуы мүмкін. Яғни, респонденттің қай тілде жауап бергеніне қарап, оны сол ұлттың өкілі деп топшылау дұрыс емес.

Қатысушыларға “Мұндай жағдайда Қазақстан қалай әрекет етуі керек?” деген сауал қойылды. “Украинаны қолдау қажет және Батыс елдерімен серіктестік қарым-қатынасты дамыту керек” деген нұсқаны 6% таңдады. “Түркі мемлекеттерінің кеңесін нығайту керек” дегендер – 14%. 12% “Әскери потенциалды жетілдіру керек” дейді. “Ресейді қолдау қажет және ЕАЭС елдерімен серіктестік қарым-қатынасты нығайту керек” деген нұсқаны 36% респондент таңдады. Бұл сұраққа келгенде 39% қатысушы бейтарап пікірде қалуды жөн көрді.
Ресей мен Қазақстан арасындағы осындай қақтығыс болу ықтималдығын бағалау да – маңызды көрсеткіш. Сауалнама қатысушыларының 65%-і мұндай қақтығыстың болмайтынына сенімді. Бұған сенімді оптимистердің көбі – әйелдер (58%) мен сұрақтарға орысша жауап берген респонденттер (72%). Бұл жауапты таңдағандардың арасында қазақ тілінде жауап берген азаматтар аздау (39%).

Жалпы алғанда, қазақстандықтардың төрттен бірі Ресей тарапынан әскери агрессия болуы мүмкін дейді. Бұлай ойлайтындардың көбі – ер адамдар (61%). Бір қызығы, қазақша жауап берген респонденттердің 38%-і бұл пікірге қосылады. Ал, орыс тілді респонденттердің үлесі аз (9%)
Ресей мен Қазақстанның алдағы уақыттағы серіктестігі туралы халық не ойлайтынын білу де маңызды. Респонденттердің 70%-і санкцияларға да, қақтығыстың өзіне де қарамастан, Ресей Қазақстанның негізгі стратегиялық серіктесі болып қала беретініне және бұл шешімнің дұрыс екеніне сенімді. 10% ғана солтүстіктегі көршімен серіктестіктің соңы жақсы болмайтынын ескеріп, Ресеймен интеграциялық кеңестердің барлығынан шығу керек деп кесіп айтты.

“Украинадағы соғыстың Қазақстан үшін қандай экономикалық салдары болуы мүмкін?” деген сұрақ қойылды. Сауалнама қатысушыларының көпшілігі инфляцияны (42%) таңдады. 15% ешқандай салдары болмайтынына сенімді. 10% Қазақстанға Ресейдің серіктесі ретінде экономикалық санкциялар салынуы мүмкін екенін айтты.

Зерттеу барысында санкция және басқа да факторлардың салдарынан Қазақстанға ресейлік мигранттар қоныс аударатын болса, халықтың қалай қарсы алатынын білмекші болдық. Жалпы алғанда, респонденттердің көпшілігі (59%) ресейліктердің қоныс аударуын құптайды. Басына күн туып, отанынан кетуге мәжбүр болған халықты қазақ халқы әркезде де бауырына басқанын айтып, ата-бабамыздың қонақжайлығын жалғастырған дұрыс деген қатысушылар — 34%. 14% олардың саяси көзқарасын жақсылап тексерген соң ғана елге кіргізу керек дейді. 11% Қазақстанға жаңа мамандарды тартуға мүмкіндік туады деген ой айтты.

Қазақстандықтардың 18%-і ресейліктердің келуіне риза емес. Олар мұндай әрекет ұлтаралық жағдайды және экономикалық ахуалды ушықтырып алуы мүмкін деп алаңдайды.
Қазақстандықтарды да айналып өтпеген бүгінгі ақпараттық соғыс жағдайында халықтың Украинадағы жағдай туралы ой түйіп, бағамдауына ақпарат көздерінің ықпалы орасан зор. Demoscope Бюросы жүргізген сауалнама деректеріне сәйкес, азаматтардың 39%-і Қазақстандағы медианы қарайды. Сонымен қатар, респонденттердің төрттен бір бөлігі (23%) Ресей жаңалықтарын қалт жібермейді. Небәрі 2% респондент украиналық және 1% Батыс елдерінің медиасына сенеді екен. Сауалнамаға қатысқандардың үштен бірі (35%) жаңалықтарды әртүрлі ақпарат көздерінен алады екен.

DEMOSCOPE зерттеуі көрсеткендей, Украинадағы жағдай туралы әртүрлі қарама-қарсы пікірлердің болуы Қазақстандағы азаматтардың қай тілде сөйлейтініне ғана байланысты емес.
Сауалнама нәтижелері халықтың ресейлік БАҚ ықпалына өте қатты тәуелді екенін, Қазақстанда бір жақты ақпараттың көп таралып жатқанын көрсетті. Бұл жағдайда отандық ақпараттық саясаттың тәуелсіздігі туралы сөз қозғап, ең болмағанда, көпвекторлы тұжырымдамаға сәйкес, медиада бір ғана тараптың даусын естіртіп, екінші тараптың дауысын тұншықтырмау керектігін айту артық.

Бұл қазақстандық аудиторияның насихаттың, қазіргі жағдайда басқыншылық соғыстың, ықпалына төзімділігін едәуір әлсіретеді. Оған қазақстандық Қылмыстық кодексте тыйым салынған және оны әлемдік қоғамдастық да айыптаған.
Бүгінгі таңда Ақорда мен ресми БАҚ-тың соғыс туралы риторикасы ақпараттық алаңда әлсіз болып тұр. Мұны БАҚ-тың агрессивті нарративтері ұтымды пайдаланып отыр. Нәтижесінде, халықтың көбі кімнің даусы жарқынырақ шықса, соның сөзіне еріп кеткені жасырын емес. Бұл жағдайда, ең болмағанда, азаматтардың медиа сауат деңгейін арттырып, дезинформация мен фейктердің таралуына, насихаттың сананы улауына жол бермеу керек.




______________________________________________________________________
Әдістеме:
2022 жылы 15-27 наурыз аралығында 14 облыс пен республикалық маңызы бар
қалаларда (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент) тұратын 18 жастан асқан 1100 адам
қатысты. Қатысушылардың 53%-ы еркек, 47%-ы әйел. Сауалнама қазақша және орысша жүргізілді. Стационарлық телефондарға қоңырау шалынды. Зерттеуде Қазақстан бойынша
стационарлық телефон нөмерлерінің абоненттік қоры пайдаланылды. Іріктеу
ықтималдығы 95%, статистикалық көрсеткіш қателігінің шекті мөлшері 3%-дан аспайды. Сауалнаманы «КТ Cloud Lab» байланыс орталығы телефонмен жүргізді. Жобаны MediaNet халықаралық журналистика орталығы Конрад Аденауэр атындағы Қордың
қолдауымен жүзеге асырады. Сауалнама нәтижесі респонденттердің ғана көзқарасын білдіреді.
