Ресейлік «Росатом» корпорациясы Түркістандағы уран кенішін алып қана қоймай, Степногорск тау-химия комбинатының акционерлер құрамына кіргені белгілі болды.
Бұл туралы Қазатомпром компаниясының сайтында жарияланған жылдық есепте көрсетілген. Келісім-шарттың жай-жапсарын анықтау мүмкін болмады. Сарапшы «бұл Қазақстанда Ресейдің уран өндірісіндегі ықпалы одан әрі күшейтіп жатқанын көрсетеді» дейді.
«Буденовское» бірлескен кәсіпорыны Түркістан облысындағы уран кенішін игеріп жатыр. Бірнеше жылдан соң мұндағы шикізат өнімі көрсеткіші алты мың тоннаға жетеді. Құнды кен орны ресейлік компания бақылауына көшкені «Қазатомпромның» 2022 жыл қорытындысына арналған 450 беттік қаржы есебінде бір жолмен ғана берілген.
Қазақстандық қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев ұлттық компанияның әрекетін сынады. «Біз жабылып қалдық, бірақ ол туралы ешкімге айтпаймыз. Әлбетте, уақыты келгенде шындық ашылады, бірақ біз сонда да үндемей отыра береміз» деген ұстаным — түсініксіз әрекет», дейді ол.
Қазақстандықтардың дені уран келісімі туралы ақпаратқа мән бермесе, ресейлік БАҚ оны жарыса жазып жатыр. Олар әлемдегі ең ірі уран кеніне бақылау орнату арқылы «Росатом» өзін ұзақ жылдарға шикізатпен қамтамасыз етті деп таратты.
Қазақстандағы уран кендері басқалардың қолына оңай өтіп жатыр. Ақпан айында үкімет үш уран кәсіпорынының көп үлесін ресейлік компанияларға беруді мақұлдады. Олар да «Росатом» құрамына кіреді.
Кейінгі бірнеше он жылдықта Ресей өзінің энергия ресурстарын экспорттау әлеуетін басқа елдерге саяси қысым жасау құралы ретінде пайдаланып келді. Қазақстан көрші елге уран кендерін беру арқылы Кремльге одан бетер бағынышты болып қалды, деп есептейді саясаттанушы Димаш Әлжанов. Оның пікірінше, ресурстарға таласта Қазақстан жеңілді, елде ресми Мәскеуге «жоқ» деп айтатын саясаткерлер табылмады.
«Пайдасы жоқ депутаттар үндемей отыр, БАҚ өте әлсіз, басылып қалған. Президенттер болса — әуелі біріншісі, сосын екіншісі — Қазақстанның уран өндірісі нарығында «Росатомның» билік жүргізуіне жол ашып берді», дейді Димаш Әлжанов.
Ол байлықтарды Ресейге беруді тәуелсіздіктің бір бөлігінен айрылу деп сипаттады. Экономика мен саяси жағынан Кремльге бағынышты болу түптеп келгенде Қазақстан үшін үлкен соққыға айналып, биліктің өз еркімен шешім қабылдау еркі болмай қалады, деп есептейді саясаттанушы.
