Сарапшылар: Ресей мен санкцияларға қарамастан, Қазақстан мұнай мен астық саудасын жалғастыра алады

Сарапшылар бұл пікірді 29 наурызда Expert Public Space алаңында өткен дискуссияда айтты. Олардың пікірінше, Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс пен Ресейге қарсы салынған санкциялардың Қазақстан экономикасына әсері байқалып жатыр. Осыған орай жағдайдың ары қарай өрбу мүмкіндіктерін болжап, оның Қазақстанға тигізер салдарына талдау жасау керек.

Талқылауда ресми деректер бойынша Қара теңізде болған дауылдың кесірінен Каспий құбыр желісі консорциумында болған кейінгі апат жайы да талқыланды. Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 80%-і КҚТ құбыржелісімен Ресей арқылы шет елдерге тасымалданады.

Экономист Айдархан Құсаинов мәселені асыра көрсетудің, трагедия жасаудың қажеті жоқ деді. “Бұл жайсыз жағдай, дегенмен ол нарықтың құлдырауына алып келмейді. Бұлай ойлауға негіз жоқ. Бұл апат мемлекеттік бюджетті толтыруға да әсер етпейді. Нақты осы жағдайда  мұнайдан келетін пайда тікелей бюджетке емес, Ұлттық қорға түсуі негізгі фактор болып отыр. Ал бюджетке қаншасы аударылатынын тек қана үкімет шешеді. Сонымен қатар, мұнайға қатысты санкцияларға байланысты мәселелер де Қазақстанға әсер етпейді. Өйткені экспортталатын мұнайдың үлкен бөлігі Қазақстанға емес, халықаралық мұнай өндіруші компанияларға (оның ішінде америкалық компаниялар да бар) тиесілі”,- деді сарапшы.

Қаржы кеңесшісі Расул Рысмамбетов әріптесінің пікірімен келісетінін айтты. Каспий құбыр желісі консорциумында болған апат қысқа мерзімде әсерін тигізбейді және жақын арада Қазақстанның қаржылық жағдайына әсер ете қоймайды деді ол. Рысмамбетов бұл жағдайдың ұтымды жақтарын да атап өтті. Соңғы жылдары Қазақстан шикізатты өңдеумен емес, сатумен айналысып, сыртқа тасымалдап отыр. Алдағы уақытта мұндай қиындықтар мұнай химиясын дамытуға жол ашуы мүмкін. Сарапшы осы орайда Әзірбайжанды мысалға келтірді.   

Экономика тақырыбын шолушы Сергей Домнин әріптестерінің пікірін аздап түзетті. Мұнай сатылымынан түскен кірістің үлкен бөлігі Ұлттық қорға түскенімен, тікелей бюджетке аударылатын мұнайға салынатын экспорттық кеден бажы салығы бар екенін еске салды. Жобалап айтқанда, бюджетке түсетін мөлшері  8 – 10%. Сондықтан Қазақстанның бюджетіне тікелей әсер етуі мүмкін. Алайда, мұнайдың қазіргі жоғары бағасын ескерсек, бұл жердегі әңгіме уыстан шығып кеткен пайда туралы болуы мүмкін.   

Сонымен қатар,  халықаралық бидай нарығындағы Ресей мен Украинаның үлесі  30% екен. Сарапшылар Қазақстан нарығына қалай әсер ететініне болжам жасап, баға берді.

EXIMAR форсайтинг агенттігінің директоры Айман Тұрсынқан Расул Рысмамбетовтың қазақстандық мұнайды  өңдеу туралы пікіріне қосылатынын айтты. Қазақстанда 3 ірі және 24 шағын мұнай өңдеу зауыты бар. Олар халықаралық сапа стандарттарына, тіпті “Еуро 4” деңгейінде  мұнайды өңдеп, бензин шығарып отыр. Сарапшы аз уақыттың ішінде ішкі өндіріс көлемін ұлғайтып, ішкі нарықты ең болмағанда егін жұмыстарына қажет жанар-жағармай материалдарының (ГСМ) жеткілікті мөлшерімен қамтамасыз ету керек деді.

Оның ойынша, ЕАЭС және Ресейге қарсы санкцияларға байланысты  проблемалар егіс және егін жинау жұмыстарына кедергі келтіреді. Дегенмен кез келген қатерлерде жаңа мүмкіндік тууы мүмкін. Бұл жағдайда үкімет барлық шараларды жанжақты қарастыруы керек. Ведомство-аралық деректерді алмасу бойынша жедел жұмыс топтарын құру өте маңызды.  

“Өкінішке орай, Үкімет егіс кампаниясы басталар кезде жанар-жағармай жетіспеушілігінің алдын-алу үшін жедел шаралар қарастырмай отыр. ЖЖМ тапшы болып қалса, еттен бастап жұмыртқаға дейін баға өседі. Сондықтан Ауыл шаруашылығы және Энергетика министрлері Қарашүкеев пен Ақшолақов бүгіннен кеш қалмай бағдарламаны бірлесе дайындауы керек”,-дейді Айман.    

Қазақстан Жыл сайын 27 млн. тонна астық өндіретін Николаев астық терминалының қирауы cалдарынан  Қаратеңіз бағыты арқылы тасымалданатын астық экспортының үлкен көлемінен айрылды. Қазақстан экспорттайтын  7 млн тонна астықтың 4 млн тоннасы осы бағыт арқылы тасымалданады.

Украинада биыл егін егілмейтінін және ресейлік астықтың экспорты да толықтай тоқтағанын  ескерсек,  алдыңғы Азия елдері, мұсылман елдері мен Африка ғана емес, Еуропа елдерінде де астық нарығында аштық болуы мүмкін. 

Қазіргі жағдайда Ресейге қарсы санкциялардың салқыны бізге тимес үшін не істеу керектігін Ekonomist.kz. негізін салушы, экономист Қасымхан Қаппаров айтып берді. Ол жағдайды Иранмен ғана салыстыруға болады дейді. Мұнда санкция мәселесіне Байден әкімшілігінің позициясы қаншалықты мықты екеніне байланысты. Ресей көптеген ресурстарды тасымалдаушы болғандықтан, нақты болжам жасау қиын. Егер экономикалық жағдай жақсармаса, онда бюджеттік шығындардың көп бөлігі Ұлттық Қордан жұмсалатынын Қазақстан ескеруі керек. Санкциялар жағдайына қарасақ, жаһандық экономикада сұраныс емес, ұсыныс алға шығады. Сондықтан, Қазақстан үкіметі жыл соңына дейін тауар экспортына шектеу қоюы мүмкін, оны біз қазірдің өзінде көріп отырмыз.

Сонымен қатар, сарапшылар Қазақстанға санкция қаупі және Ресеймен сауда қатынасын қауіпсіз етудің мүмкіндіктері, ЕАЭС аясындағы серіктестіктің  жайы, Қазақстанға қандай пайдасы бар екені туралы да талқылады. 

Дискуссия соңында сарапшылар қазақстандықтардың жинақтарын қайда жұмсауға болатыны туралы ұсыныстар айтты. 

Қасымхан Қаппаров ертеңгі күніміз бұлыңғыр болып тұрған кезеңде көмектесетін қарапайым тәсілді айтты. Жаһандық тұрақсыздық жағдайында активтерге емес, жеке дамуға және балалардың білім алуына ақша құйған жөн дейді. Сол кезде қашықтан жасайтын жұмыс табуға, қажетті дағдыларға игеруге мүмкіндік болады. Алдағы уақытта тағы да бір катаклизм бола қалса, үкіметтің шешіміне тәуелді болмай, өз бетінше әрекет ете алатындай таңдау болады. 

Айдархан Құсаинов жағдайды ушықтырмай, қатты уайымға салынбай, бұрынғыша өмір сүруге кеңес береді. 

Сергей Домнин материалдық қана емес, денсаулық, интеллект, қашықтан жұмыс істеуге қажетті дағдыларды игеру және ағылшын тілінде жұмыс істеу секілді материалдық емес құндылықтарға да мән беру керектігін айтты. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *